Бәрі де отбасынан басталады.

9 қыркүйек күні аудандық балалар кітапханасының оқу залында кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Отбасы. Отбасылық құндылықтар» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты – отбасын нығайтуға, ұлттық дәстүрге негізделген отбасы құндылықтарын дәріптеуге ықпал ету.

Қонақтар ретінде аудандық сот төрағасы С. Серғазин, аудандық «Аманат» партиясы филиалының хатшысы Ж. Калимова, «Әйет» мешітінің имамы И. Хамзин, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі А. Зыбалева, ауданның жалпыға білім беретін мектептерінің ұстаздары, мекемелер мамандары болды.

    Дөңгелек үстелдің модераторы, кітапхана жүйесінің басшысы Г. Асанова  дамыған мемлекетті құруда отбасының маңыздылығы туралы, болашақта отаншыл, білімді, тәрбиелі азаматты тәрбиелеудің іргетасы балабақшадан да, мектептен де емес, отбасы ошағынан басталатынын айтты.

Отбасылық қатынастардың құқықтық аспектілері де қозғалып, ол бағытта аудандық сот төрағасы С.Б.Серғазин түсініктер берді.

А. А. Зыбалева өз отбасылық тәжірибесімен бөлісе отырып, бала тәрбиесіне, немере тәрбиесіне көп көңіл бөлетіні жөнінде айтып өтті.

Отбасы мен мектептің қарымқатынасы туралы Сапар Ерғалиев атындағы мектептің психолог маманы М. Жортынбаева бөлісті.

       Іс-шараға қатысушылар арасында  Президентіміз Қ.Тоқаевтың   Қазақстан халқына жолдаған «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдаудағы отбасыларға мемлекет тарапынан  көрсетілетін көмектер сөз болды.

Іс-шараның соңында кітапханашы Н. Корякина «Отбасы – басты байлық» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Көрмеден 6 кітап берілді. 

Дөңгелек үстел екі тілде жүргізілді.

Пікір үстеу

Skip to content