Наурыз – аға ұрпаққа құрмет көрсету мерекесі
17 наурыз күні аудандық орталық кітапхананың оқу залында Наурыз мейрамына арналған «Ежелгі мерекенің мәңгілік құндылықтары» атты іс-шара өтті. Наурыз – жаңа жылдың басы ғана емес, ол бірліктің, мейірім мен жомарттықтың, достық пен бауырмалдықтың мерекесі. Іс-шараның қонақтары ретінде кітапхананың оқырмандары, ауылдың қарттары, әлеуметтік серіктестер болды. Алдыңғы құттықтау сөз аудандық кітапханалар жүйесінің басшысы Г.Ж. Асановаға беріліп, жиналғандарға денсаулық пен көктемгі көңіл-күй тілей отыра, аудандық кітапхананың белсенді оқырмандары болуға шақырды. Одан әрі мереке дәстүрлі «Шашу», «Тойбастар» ырымдарымен жалғасты. Аудандық орталық кітапхананың кітапханашылары Балғабаева З.Б. және Корякина Н.О. қонақтарды мерекенің тарихымен таныстырып, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы айтып берді. «Тұсау-кесу» салты көрсетіліп, қатысушыларға ерекше қызығушылық тудырды. Е.Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының өнерлері жиналғандарға жанды серпін берді. Мерекелік іс-шараның соңында кітапханашы Корякина Н.О. «Наурыз-жаңару мерекесі» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Мереке мазмұнды, көңілді, жылы достық көңіл-күйде өтті. Жиналғандардың ешқайсысы сыйлықсыз қалмады.