Парасат ордасы – кітапханаға келіңіздер! Әрдайым есігіміз ашық!
Жылда қаңтар айында аудандық орталық кітапханада ашық есік күнін өткізу дәстүрге айналған. Биыл, 29 қаңтарда «Келіңіз! Қараңыз! Оқыңыз!» атты ашық есік күні шеңберінде ақпараттық сағат өтті. Келушілерге кітапханашы Нина Корякина жылдың елеулі оқиғаларына арналып әзірленген кітап көрмелерімен, тақырыптық сөрелерімен таныстырды. «Еңбек адамы – еліміздің тірегі» атты ауқымды кітап көрмесі 2025 жыл – жұмысшылыр жылы деген тақырыпта жабдықталған.
Аудандық орталық кітапхананың абонементінде Әнуар Әлімжанов, Ілияс Есенберлин, Бауыржан Момышұлы, Сәбит Мұқанов сынды қаламгерлердің қаламынан туған әдебиет «Әдеби биіктер» атты кітап көрмесінде орын алған. 2007 жылдан бастау алған «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша биыл бар ел болып қазақтың көрнекті жазушылары Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармаларын оқимыз. Кітапхана қорынан жазушылардың шығармаларымен танысу болатыны сөз болды. Сондай-ақ, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Қазақ халқының ұлы ойшылы» атты кең ауқымды көрме үш бөлімнен тұрады: біріншісі «Ғасырлар үндес рухани мұра» кітапхана қорындағы қазақ және орыс тілдерінде бар барлық көркем әдебиеттерді көрсетеді. «Абай туралы оқы» атты екінші бөлімде Абай туралы әдебиеттер ұсынылады. Бұл бөлімде жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы айтылады. Ал, «Ұлы Абай туралы кітап, газет беттерінде…» атты үшінші бөлімде мерзімді басылымдар, сонымен қатар «Абай» журналы ұсынылады.
Оқу залында Мыржақып Дулатұлына, Шоқан Уәлихановқа арналған көрмемен де кітапхана қонақтары таныса алды. Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл, Конституцияға 30 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл, Ұлы Жеңіске 80 жыл – осы елеулі оқиғаларға да кітап көрмелері кең ауқымда әзірленген. Оқырмандар өз таңдаулары бойынша әдебиеттермен танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шараның соңында кітапхана библиографы С. Король 2025 жылдың аудан бойынша елеулі оқиғаларына арналып әзірленген күнтізбесіне шолу жасады.
Кітапхана қызметкерлері жоғарыда аталған даталар бойынша жыл бойы түрлі іс-шаралар өткізеді. Өз оқырмандарын белсенділік танытып қатысуға шақырады!