Ұрпақтар кездесуі
Ауған соғысының оқиғалары тарих қойнауына кетіп барады. Патриотизм мен ерлікке тәрбиелеу аясында Май ауылдық модельді кітапханасында ұрпақтар кездесуі өтті.
«Краеведы-энтузиасты» клубының қатысушылары, Май жалпы білім беретін мектебінің 7-сынып оқушылары Май ауылының ауған соғысы ардагерлері Котлевский Виктор Александрович және Мироненко Виктор Ивановичпен кездесті. Іс-шараға Май ауылдық округі Ардагерлер кеңесінің төрайымы Жантуарова А.Н. да қатысты.
Оқушылар Ауғанстандағы соғысқа қатысып, өз борышын соңына дейін орындаған жауынгерлердің ерлігін бейнелейтін кітаптармен, сол соғыстың куәгерлері жазған шығармалармен, ауған соғысы туралы деректі және көркем туындылармен, сондай-ақ Ауғанстанда қаза тапқандарға арналған Естелік кітабымен танысты.
Қонақтар ауған жеріндегі қызметтері туралы айтып, туған жерден жырақта бастан өткерген оқиғалары мен жеке естеліктерімен бөлісті. Интернационалист жауынгерлер жас ұрпаққа өз өсиеттерін айтты.
Іс-шараның басты сөзі – «естелік» болды. Біз сол соғысқа қатысып, оралмағандарды ұмытпай, оларды әрдайым есте сақтауымыз керек және елге аман оралып, бүгінгі күні арамызда еңбек етіп жүрген ардагерлерге құрмет көрсетуіміз тиіс.







