ЖЫРЛАЙМЫН ТУҒАН ЕЛІМДІ
Бейімбет Майлин ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында ауданның өнерлі әрі шығармашыл тұрғындарының басын қосқан «Жырлаймын туған елімді» атты аудандық музыкалық-поэзиялық вернисаж өтті.
Байқауға 18 жастан асқан 11 қатысушы қатысып, туған өлкенің көркем табиғатын, кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілікті, оның тарихы мен рухани мұрасын жырлаған әсерлі шығармаларын көпшілік назарына ұсынды. Сахна төрінде қазақстандық ақындардың танымал өлеңдерімен қатар, қатысушылардың жүрек тебірентер төл туындылары да оқылды.
Әрбір қатысушының өнер көрсетуі мәнерлілігімен, сахналық шеберлігімен және шынайылығымен ерекшеленіп, көрермендердің жүрегіне жол тапты. Олар көркем сөз арқылы туған жерге деген ыстық ықыластары мен құрметін жеткізе білді.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды:
І орын – Алтынай Шайқығали, Тобыл кенті;
ІІ орын – Тазагүл Оңғарова, Тобыл кенті;
ІІІ орын – Айман Зыбалева, Әйет ауылы.
Жеңімпаздар мен байқаудың барлық қатысушыларына мерейтойлық мүсіншелер, ақшалай сыйлықтар, грамоталар және алғыс хаттар табысталды.
Музыкалық-поэзиялық вернисаж мерейтойлық іс-шаралардың жарқын сәттерінің біріне айналып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, туған жерге деген сүйіспеншіліктің аудан тұрғындарының жүрегінде мәңгі сақталып, шығармашылық арқылы көрініс табатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.





