Талантты балаларды «Сөз құдіреті» байқауы біріктірді.
12 наурызда «Достық» мәдени – танымдық орталығының оқу залында облыстық «Сөз құдіреті» мәнерлеп оқу байқауының аудандық кезеңі өтті. Байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Астананың 20 жылдығы және Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен ұштастырылды. Сонымен бірге байқауға таңдалатын туынды Қазақстандық жазушылардың (жасөспірімдер үшін жазылған туындылары немесе балалар мен жасөспірімдер әдебиеті шеңберіне енген шығармалар) шығармаларымен шектелді. Байқауға 12-13 жас (шарт бойынша) аралығындағы мектеп оқушылары қатысты. Байқаудың негізгі мақсаттарының бірі балалардың актерлік шеберлігін шыңдау, өз таланттарын көрсетуге мүмкіндік беру болып табылады. Байқауға жалпы 12 оқушы қатысып, балалар Әлібек Асқаров, Серік Асылбеков, Аделия Амраева, Тұрсынбек Әлиұлы, Нұрсұлу Шаймерденованың шығармаларын мәнерлеп оқыды. Балалардың өнерін Мәдениет бөлімінің бас маманы Г.Мұрзабаева, Тілдерді оқыту орталығының директоры А. Ершиева және аудандық «Ұшқын» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі А.Зыбалева сынды қазылар алқасы бағалады. Балалардың өнерін бағалау оңайға түскен жоқ, дегенмен сайыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те бар. Қазылар алқасының шешімімен балаларға 3 орын мен 3 номинация берілді. «Айрықша таңдау» номинациясымен Николаевская негізгі мектебінің 5-сынып оқушысы – Бирюков Данил, «Үздік бейне» номинациясымен Валерьяновка негізгі мектебінің 7-сынып оқушысы – Никкель Яна, «Әртістік шеберлік» номинациясымен Тобыл орта мектебінің 6-сынып оқушысы – Қуаныш Назира марапатталды. Ал, марапатты орындар төмендегідей болды: 3-орынды Б.Майлин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы – Забайдуллина Анастасия егеленсе, 2-орын Приозерной орта мектебінің 6-сынып оқушысы – Қаппас Жансұлуға бұйырды. Ал, 1-орынды және облыстық «Сөз құдіреті» мәнерлеп оқу байқауына жолдама Май орта мектебінің 7-сынып оқушысы – Стоногина Дарья иемденді. Қалған оқушылар байқауға қатысқаны үшін Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара шәй дастарханымен аяқталды.