«Сөз құдіреті» аудандық байқауы мәресіне жетті.
2022 жылдың 28 наурыз күні Аудандық балалар кітапханасының оқу залында облыстық «Сөз құдіреті» мәнерлеп оқу байқауының аудандық кезеңі өтті. Байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп, Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен ұштастырылды. Байқау тақырыбы: «Қазақстандық авторлардың прозалық шығармалары». Сонымен бірге байқауға таңдалатын туынды Қазақстандық жазушылардың мектеп бағдарламасына кірмейтін (жасөспірімдер үшін жазылған туындылары немесе балалар мен жасөспірімдер әдебиеті шеңберіне енген шығармалар) шығармаларымен шектелді. Байқауға 12-13 жас (шарт бойынша) аралығындағы мектеп оқушылары қатысты. Байқаудың негізгі мақсаттарының бірі: жасөспірімдердің қазақстандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, кітап оқуды дәріптеу, актерлік шеберлігін шыңдау, өз таланттарын көрсетуге мүмкіндік беру болып табылады. Байқауға қатысуға жалпы 19 оқушы өтінім берді. Байқауда балалар Б.Момышұлы, Ш.Күмісбайұлы, Ә.Файзуллаұлы, Б.Соқпақбаев, Г. Бельгер, А.Суслова, Ю. Серебрянский, С. Сарғасқаев, А.Амраева, А.Баянды және тағы бірқатар авторлардың шығармаларын мәнерлеп оқыды. Балалардың өнерін «Бейімбет Майлин ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы С.Т.Кульжанова, Е.Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі А.А.Зыбалева және «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ басшысы Г.Ж.Асанова сынды қазылар алқасы бағалады. Балалардың өнерін бағалау оңайға түскен жоқ, дегенмен сайыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те бар. Қазылар алқасының шешімімен балаларға жүлделі орын мен 3 номинация берілді. «Кітапхана таңдауы» номинациясымен Новоильиновка жалпы білім беретін мектебінің 6Б-сынып оқушысы – Искакова Томирис, «Үздік бейне» номинациясымен Бейімбет Майлин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 5А-сынып оқушысы – Мулдашева Дилара, «Әртістік шеберлік» номинациясымен Майский жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы – Чипизубова Катя марапатталды. Ал жүлделі орын және облыстық «Сөз құдіреті» мәнерлеп оқу байқауына жолдаманы Набережный жалпы білім беретін мектебінің 6а-сынып оқушысы – Жақыпова Сағыныш иемденді. Қалған оқушылар байқауға қатысқаны үшін Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.