Биыл Бейімбет Майлин ауданының 90 жылдық мерейтойы аталып өтуде
Биыл Бейімбет Майлин ауданының 90 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, туған өлкенің тарихы мен жетістіктерін ұлықтайтын айтулы мереке. Тоғыз онжылдық ішінде аудан даму мен өркендеудің үлкен жолынан өтіп, бай тарихын, мәдени мұрасын және еңбек дәстүрін сақтап келеді. Мерейтой – туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіп, өткенді зерделеп, болашаққа сеніммен қадам басатын маңызды кезең.
16 шілде күні Бейімбет Майлин ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың салтанатты ашылуы өтті. Елүбай Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Мерейлі мерейтой – 90!» атты мерекелік шара аудан тұрғындарын, қонақтарды және түрлі мекеме өкілдерін бір арнаға тоғыстырды.
Осы айтулы мерейтойға орай Орталық аудандық кітапхана «Кітап бетіндегі аудан тарихы» = «Историю района открывает книга» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрме келушілерді туған өлкенің бай тарихи және мәдени мұрасымен таныстырып, аудан шежіресінің маңызды беттерін ашып көрсетті. Экспозиция үш тақырыптық бөлімнен тұрды.
Бірінші бөлімде ауданның қалыптасуы мен дамуына арналған кітаптар, мұрағаттық құжаттар және мерзімді басылымдардағы мақалалар ұсынылды. Келушілер ауданның құрылу тарихымен, оның даму кезеңдерімен танысып, ауданның іргетасын қалаған және өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтар туралы мол мағлұмат алды.
Екінші бөлім туған жерімізден шыққан көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналды. Мұнда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлин, халық әртісі Елүбай Өмірзақов, қоғам қайраткері Елдес Омаров, сондай-ақ биыл туғанына 105 жыл толып отырған өлкетанушы Иван Иванович Дьячков туралы кітаптар мен материалдар қойылды. Сонымен қатар ауданның қасиетті орындарының бірі – Жабағы батыр кесенесіне арналған әдебиеттер де көпшілік назарына ұсынылды.
Үшінші бөлім аудан тарихында ерекше із қалдырған ХХ ғасыр оқиғаларын қамтыды. Онда саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңдері туралы кітаптар, тарихи құжаттар мен естеліктер ұсынылып, сол кезеңдерді бастан өткерген адамдардың тағдыры баяндалды.
Келушілердің ерекше қызығушылығын кітапханашылар дайындаған аудан совхоздарының тарихына арналған бірегей альбомдар тудырды. Бұл жинақтарда фотосуреттер, тарихи құжаттар мен естеліктер топтастырылып, ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан жандардың еңбегі көрініс тапқан.
«Кітап бетіндегі аудан тарихы» көрмесі ауданның өткеніне тағзым етіп қана қоймай, тарихи жадымызды сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын айқын көрсетті. Туған жердің тарихы оны сүйетін, дәстүрін құрметтейтін және оның өркендеуі үшін еңбек ететін адамдармен жалғасын табады. Мерейтойлы жыл ауданымыздың шежіресіне тағы бір жарқын бет болып еніп, барша тұрғындарға береке-бірлік, өсіп-өркендеу және жаңа жетістіктер әкелсін!



