ДАЛА МЕРЕКЕСІ – МӘДЕНИЕТ ПЕН ЖЕТІСТІКТІҢ ТОҒЫСЫ

30 шілде мен 1 тамыз аралығында Қостанай облысының 90 жылдығына арналған «Қостанай дала фестивалі» агрофестивалі өтті. Бұл – заманауи агробизнестің жетістіктері мен Ұлы даланың бай этномәдени мұрасын тоғыстырған бірегей жоба.

Фестивальдің басты оқиғасы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің жетістіктері таныстырылған «Қазақстандық Дала күні — Jańa Dala / Green Day 2026» халықаралық көрмесі болды.

Мерекенің негізгі алаңдарының бірі – облыстың қалалары мен аудандары ұсынған киіз үйлерден құралған этноауыл болды. Мұнда қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, ұлттық қолөнерімен және ұлттық тағамдарымен танысты. Балалар үшін шеберлік сабақтары, шығармашылық алаңдар, «Сәттілік дөңгелегі», Big Races жарыстары, мотоцикл құрастыру, танымдық ойындар мен отбасылық байқаулар ұйымдастырылды. Ал спорт сүйер қауым ұлттық ойындарда бақ сынауға мүмкіндік алды.

Бейімбет Майлин ауданы ауданның тарихын, салт-дәстүрін, мәдени мұрасын және әлеуметтік-экономикалық дамуын танытатын киіз үйді көпшілік назарына ұсынды. Орталық аудандық кітапхана фестиваль қонақтарына Қостанай облысының 90 жылдығына арналған «Туған өлкем – мақтанышым» және Бейімбет Майлин ауданының 90 жылдығына арналған «Шағын Отаныма – үлкен сүйіспеншілік» атты екі тақырыптық кітап көрмесін ұсынды.

Көрмелерде өлкетану бағытындағы бай әдебиеттер қойылып, өңірдің қалыптасуы мен дамуының тарихы, табиғи байлығы, мәдени мұрасы, елге еңбегі сіңген тұлғалар, тарихи орындар мен маңызды оқиғалар туралы кітаптар таныстырылды. Әсіресе ауданның қалыптасу жолы, оның еңбекқор адамдары, салт-дәстүрлері мен жетістіктері туралы басылымдар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Фестиваль қонақтары ұсынылған әдебиеттермен қызығушылықпен танысып, кітаптарды парақтап, естеліктерімен бөлісіп, туған өлкенің тарихының жаңа беттерін ашты. Кітап көрмелері өлкетану әдебиетін насихаттауға, тарихи өткенге құрметпен қарауға, патриоттық сезімді қалыптастыруға және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал етті.

Добавить комментарий

Skip to content